Қазақстанда тұрғын үй бағасының өсуі бірнеше факторларға байланысты шарықтап тұр. Бұл туралы LS-ке инфрақұрылымдық даму министрлігінде хабарлады.
Министрлiктiң мәліметінше, инфляция деңгейін ескере отырып, үй бағасының шарықтау себебі көлік шығыстары, арзан жұмыс күшінің тапшылығы, ұлттық валюта бағамының өзгеруі, сатушылардың күтуі, зейнетақы төлемдерін пайдалану, құрылыс материалдары бағасының өсуі болды.
Мысалы, 2022 жылдың 1 қаңтарынан 29 наурыз аралығында керамикалық кірпіш 33,8%-ға, мың дана үшін 95 мың теңгеге дейін, цемент – 27,2%-ға, тоннасы үшін 39 мың тг, металл плитка – 15%-ға, шаршы метр үшін 4,59 мың тг, мыс кабелі – 11%-ға дейін қымбаттаса, керамикалық плиткалар – 13,4%-ға, бір шаршы метр үшін бағасы 4,44 мың теңгеге дейін өсті. Кейбір құрылыс материалдарының құны, ИИДМ ақпараты бойынша, бұрынғы деңгейде қалды.
Министрлiкте бағаның айтарлықтай ауытқуына жедел әрекет ету үшін сметалық құны бар жинақтар шығарылатынын, бұл бюджеттік нысандар бойынша құрылыстың аяқталмау қаупін төмендететінін атап өтті. Сондай-ақ, құрылыс материалдары бағаларына тұрақты мониторинг жүргізілетін болады. Егер олар негізсіз өссе, өндірушілер мен жеткізушілерге қатысты шаралар қолданылмақ.
Бұдан басқа, мемлекеттік жобаларға түзету енгізілуде. 2021 жылы 220 бюджеттік нысанда құрылыс құны 494 млрд теңгеге дейін төмендеді. Бағаны өзгертуге барлығы 641 өтінім берілген.
Жобалау-сметалық құжаттаманы түзетудің (ЖСҚ) негізгі себебі бағаның 2018 жылға дейін жасалғаны және сметаның ағымдағы сәтте ескіргені болып табылады. Бұдан басқа, ИИДМ ақпараты бойынша, әкімдіктер бюджет қаражатын жоспарлау кезінде қаржыландырудың жоқтығынан іске асырудың нормативтік мерзімдерін сақтамайды, бұл кейіннен құнның қымбаттауына әкеп соғады.
Министрлікте әкімдіктер бюджет қаражатының орындалуын тиімсіз жоспарлағанын атап өтті. Бір жобаны аяқтаудың орнына, олар бір уақытта тағы бірнеше жобаны жүзеге асыра бастайды және осы қаражат шегінде құрылыстың аяқталу мерзімін ұзартады.
"Жергілікті атқарушы органдардың бұл әрекеттері мердігерлердің құрылыс жұмыстарын тоқтата отырып, шарттық міндеттемелерін орындамауына алып келеді және мердігерлердің құқықтарына нұқсан келтіреді", — деп атап өтті министрлікте.
Осыған байланысты министрлік "Атамекен" ҰКП-мен бірге мемлекеттік сатып алу ережелерін өзгерту бойынша ұсыныстар енгізді. Олар шарттарды тіркеуге және байқау жариялауға дейін жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ, ЖСҚ-да ұзақтықтың нормативтік мерзімдері бойынша көзделген мерзімдер мен сомаларда байқаулар өткізуге қатысты.
Министрлiкте құрылыс қызметіне бақылауды күшейтуді ұсынады. Яғни белгіленген тәртіппен бекітілген ЖСҚ-ға сәйкес жүзеге асыра отырып, бюджеттік инвестициялық бастамаларды іске асыру шеңберінде көзделіп отыр.
Сондай-ақ, республикалық немесе жергілікті бюджетке енгізілмеген, іске асыру үшін орталық уәкілетті органнан республикалық бюджеттен қаржыландыру расталмаған бюджеттік инвестициялық жобалардың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге жол бермеу ұсынылады.