Алматы облысында 2,7 млрд теңгеге үш агрожоба іске қосылмақ. Бұл туралы LS-ке өңірлік әкімдікте хабарлады.
LS-ке ұсынған ақпаратқа сәйкес, Алматы облысында 2,5 млрд теңгеге ет комбинаты салынады. Кәсіпорынның қуаттылығы ауысымына 10 тонна ет болады деп күтілуде. Кәсіпорын 50 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.
Әкімдіктің мәліметінше бордақылау алаңы 300 гектарды құрайды. 6 гектарға – комбинат, 74 гектарға – ангар орналасады. Сондай-ақ, тереңдігі 250 м ұңғыманы бұрғылауға арналған жоба әзірленуде.
Бұдан басқа, ірі қара мен ұсақ малға арналған бордақылау алаңын салу жобасы іске асырылатын болады. Оның құны – 136 млн теңге, қуаты – 70 бас iрi қара мал және 550 – ұсақ мал құрайды. Бүгінде нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.
Облыста 100 млн теңгеге тағы бір осындай нысан пайда болады. Мұнда жылына 25 мың кг ірі қара мал шығаруды жолға қойылмақ.
Әкімдікте хабарлағандай, барлық үш жоба биыл іске қосылады.