Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиаты Елизавета Низамутдиновамен таныс болыңыздар. Ол Елордадағы Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы колледжде музыка теориясы мамандығында оқиды. Қазір Елизавета 4 курста білім алып жүр, оқумен бірге академиялық музыканы жақсы көреді, опера, драма театры мен концертке барғанды ұнатады. |
«Бұған қоса, көркем әдебиет оқығанды, ән айтқанды, фортепианода, домбырада ойнағанды ұнатамын. Сонымен қатар, Қазақстанның тарихи ескерткіштеріне, әсіресе ежелгі мәдениетке қатысты барлық нәрсеге қызығамын. Әртүрлі музейлер, кітапханалар да қызықтырады. Шет тілдеріне, атап айтқанда ағылшын, итальян және француз тілдеріне қызығушылығым басым», — дейді Елизавета Низамутдинова.
Елизавета музыкалық-теориялық және жалпы білім беру пәндері бойынша республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты. Сонымен қатар, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда диплом алып, республикалық байқауларда ерікті болған.
«Шығармашылықпен айналысқанды, жаңа композиторларды, музыкалық стильдер мен бағыттарды, шығармалармен танысқанды ұнатамын. Бұл мені шабыттандырады. Музыкаға деген құштарлық отбасымнан дарыған, туыстарым музыканттар, артисттер», — дейді Елизавета.
Ол Нұрсұлтан Назарбаев Қорының шәкіртақысы туралы оқытушылары мен кураторынан білген, олардың қолдау көрсеткеніне риза. Елизаветаның айтуынша, сабақты өте жақсы оқып, әрқашан дамуға ұмтылатындықтан, бірден қатысқысы келген.
«Мен үшін Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиясы – өмірдегі зор жетістік әрі музыка саласындағы шығармашылық қызмет пен өзіңді дамытуда үлкен шабыт береді. Стипендиат атанғаныма өте қуаныштымын, бұл менің шығармашылық өмірімде көптеген мүмкіндікке жол ашады. Барлық студентке мақсатына жетуде күш-қуат тілеймін. Өзіңе деген сенімділік мақсатыңа жеткізеді!», - дейді Елизавета Низамутдинова.