Биылғы дәстүрлі байқауда әскери отбасы бақ сынап, жеңімпаз атанды.
Дәстүрлі " Мерейлі отбасы " ұлттық байқауының қалалық кезеңіне биыл 6 өнегелі отбасы қатысты. Олардың ішінде, кәсіпкерлер де, құрылысшылар да, әскери қызметші мен ұстаздар отбасылары болды.
Байқаудың қорытындысы бойынша Абай гарнизонына қарасты әскери бөлімнің әскери қызметшісі Нұрахметовтер әулеті жеңімпаз атанып, облыстық кезеңге жолдама алды.
Өнегелі отбасының отағасы – Әли Нұрахметов Абай гарнизонына қарасты 44793 әскери бөлімінде қызмет атқарады. Жұбайы Құралаймен бірге төрт бала тәрбиелеп отыр.
"Байқауға бір айдай дайындалдық. "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы мен әскери бөлім басшылығына үлкен ризашылығымды білдіргім келеді, өйткені, жеңіске жетуіме басшылықтың берген мүмкіндіктері орасан зор болды. Байқауға қатысқаныма өте қуаныштымын. Себебі осындай сайыстар бала тәрбиесіне, оның тұлға болып қалыптасуына, ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығын арттыруда маңызы зор. Сондықтан, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру мақсатындағы дәстүрлі байқаудың әр отбасы үшін орны ерекше", — дейді Әли Нұрахметов.
Байқау қорытындысы бойынша ешбір отбасы марапатсыз қалмады. Әрбір өнегелі жанұяға ұйымдастырушылар қаржылай сыйлықтарын ұсынды. Марапаттау рәсімі қала өнерпаздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен жалғасты.
Сурет: Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі