Әлемдегі ең бай адамдардың бірінің халықаралық компаниясы қазақстандық портқа инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы LS-ке индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде сұранысқа жауап ретінде хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, Adani group* Құрық портында "Саржа" көпфункционалды терминалын салуға мүдделілігін растады. Ол үшін қазақстандық "Симург Инвест" компаниясымен астық және әмбебап терминалдарды дамытудағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бұдан басқа, энергетика министрлігінің ақпараты бойынша, Adani Group-пен Атырау облысында газ-химия кешенін салу жөніндегі жобаны бірлесіп іске асыру мүмкіндігі қарастырылуда.
Дәлірек айтқанда, қосылған құны жоғары өнімдерді ала отырып, этанды қайта өңдеу зауыты жоспарлануда. Құны әзірге есептелуде.
* Иесі – Гаутама Адани, үндістандық миллиардер, 2022 жылдың қыркүйегінде Bloomberg мәліметтері бойынша, байлығы $128 млрд-ды құрайтын әлемдегі ең бай адамдар тізімінде екінші орында.