Түркістан облысында екі жылдан кейін алты ірі өндіріс ошақтары ашылмақ. Бұл туралы LS-ке өңірлік әкімдікте хабарлады.
Бұл нысандарда 2 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Жаңа жобаларға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 213,4 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорындар 2024 жылдың соңына дейін жұмысын бастайды деп күтілуде.
Облыста фосфорит кенін өңдейтін зауыт салу жоспарлануда. Жобаға салынған инвестиция 130 млрд теңге. Қуаттылығы- жылына 500 мың тонна өнім, жұмыс орындары – 1 мың адам.
Өңірде 12 мың текше метр бетон бұйымдарының өндірісі де жолға қойылмақ. Жобаға 209 млн теңге салынады.
Сонымен қатар, кен орындарында екі жобаны іске асыру күтілуде. Атап айтқанда, облыста 2024 жылдың соңына дейін Ащысай кен орнының техногендік-минералдық түзілімдері базасында қара қорғасын өндіретін тау-кен-металлург кешені пайда болады. Жоба құны – 1,76 млрд теңге. Мұнда жылына 2,3 мың тоннаға дейін қара қорғасын шығарылып, 500 мың тонна техногендік-минералдық түзілімдер қайта өңделедi. Жаңа 120 жұмыс орны ашылады.
Екінші жоба Ансай кен орнында іске асырылады. Ол бариттік концентраттарды өңделiп алынады. Инвестициялар – 4,5 млрд теңге, қуаты-жылына 200 мың тонна. 400 жұмыс орнын құру жоспарланған.
Мұнай өңдеу зауытының екінші кезегі ашылады. Құны – 71 млрд теңге, қуаттылығы – жылына 2 млн тонна өнім. 350 жұмыс орны құрылады.
Сонымен қатар, өңірде 2024 жылы 5,89 млрд теңгеге тоқыма фабрикасы салынып, пайдалануға беріледі. Мұнда жылына 6,6 мың тонна өнім шығару жолға қойылып, 74 адам жұмыспен қамтылады.