2024 жылға дейін Шымкент құрылыс индустриясында 2 млрд теңгеге жуық тағы сегіз өндіріс ашылады. Бұл туралы LS-ке қалалық әкімдікте хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, қалада 2022-2023 жылдары сегіз нысанның ашылуы есебінен 200-ден астам жұмыс орны пайда болады. Құрылыс материалдарын өндіруге салынған инвестициялардың жалпы көлемі 1,8 млрд теңгені құрап отыр.
Мегаполисте 500 млн теңгеге металл өңдеу мен металл құрылымдарының өндірісі жолға қойылмақ. 2024 жылға дейін полипропилен, поливинилхлорид, термоэлестопласт өнімдерін шығаратын кәсіпорын салу жоспарлануда. Бұл жоба 450 млн теңгеге бағаланды.
Тағы бір бастамашы гипс плиталары мен құрғақ құрылыс қоспаларын шығаруды қолға алды. Жоба құны – 350 млн теңге. Сондай-ақ, Шымкентте 323 млн теңгеге темірбетон бұйымдарын өндіретін зауыт салынады. Жұмыспен 50 адам қамтамасыз етіледі.
Бұдан басқа, 2022-2023 жылдары тағы бір жоба 156,4 млн теңгеге іске асырылады – сәндік сылақ, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру. 100 млн теңгеге тротуар плиткаларын, 45 млн теңгеге пластикалық профильдер, 40 млн теңгеге асфальтбетон өндіру басталады.
Бұған дейін LS осы жылға 1,7 млрд теңгеге газ блоктарын шығаратын зауыт құрылысы бойынша жобаны іске асыру жоспарланғанын жазған болатын. Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдан бастап Шымкентте құрылыс индустриясындағы жалпы құны 1,7 млрд теңге болатын бес өндіріс іске қосылды. Мысалы, қалада темірбетон бұйымдарын, құрылыс оқшаулағыштарын және заманауи қоршау жүйелерін шығаратын зауыт ашылды. Құны – 870 млн теңге, жұмыс орны –32. Жалпы, құрылыс индустриясында бес жобаны іске асыру 100-ден астам жұмыс орнын құрды.
Айта кетейік, биыл 155 млрд теңгенің 46 жобасы ашылуы тиіс. Оларды іске асыру химия, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, білім беру, агроөнеркәсіптік кешен және т.б. салаларда жоспарланған.