Түркістан облысында шетелдік қатысумен 164 млрд теңгенің 12 жобасы жүзеге асырылуда. Бұл туралы LS өңірлік әкімдікте хабарлады.
Оларды іске асыруға 2019-2020 жылдары басталып кетті. Ақпаратқа сәйкес, жобалардың бірі- блокчейн 600 млн теңгеге іске асырылды. Ал жоспарланып отырғандарға келетін болсақ, Түркістанда жалпы құны 88 млрд теңге болатын "Керуен Сарай" мен "Шығыс базары" ашылады. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Осы нысандарды ашу есебінен 350 жұмыс орны ашылады. Мұнда жабық базарлар, базар, сауда орталықтары, қайықтар мен гондолаларда жүзуге арналған су арналары, ойын-сауық орталығы, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі қонақ үйлер жұмыс істейтін болады.
Мақтаарал ауданында 4,7 млрд теңгеге мақта жіптерінің өндірісі жолға қойылмақ. Қазір құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорында 100 адам жұмысқа орналаса алады. Сондай-ақ, ауданда 2 млрд теңгеге тазартылған май өндірісі пайда болады, онда 91 жұмыс орны құрылады. Оларды іске қосу биылғы жылға жоспарланған.
Кентауда 12,8 млрд теңгеге құс фабрикасы салынады, сондай-ақ, 4,2 млрд теңгеге темір-бетон бұйымдары өндірісі жолға қойылып отыр. Құрылыс индустриясында жүзеге асырылып жатқан екінші жобаға келетін болсақ, ол үшін өндірістік ғимарат сатып алынып дайын тұр.
"Нысанды қайта құру үшін рұқсат құжаттары жиналуда", – деп толықтырды әкімдікте.
Бұдан басқа, облыста түрік инвесторымен бірге су тазартудың блокты-модульді станцияларының өндірісін іске қосу жоспарда бар. Жобаны іске асыру 1,1 млрд теңгеге бағаланады. Ақпаратқа сәйкес, инвестор өз қызметін бастап кеткен. Жоба Түркістанның индустриялық аймағында пайда болады деп күтілуде.
Сонымен қатар, қалада жануарларға арналған вакцина өндірісін 2,1 млрд теңгеге ретке келтіру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы министрлігіне ветеринарлық препараттарды сатып алуға оффтейк-шарт жасасу мәселесі бойынша сауал жолданды. Осыған орай индустриалды аймақта жер телімі таңдалды.
Сондай-ақ, облыста 48,5 млрд теңгеге төрт жаңартылатын энергия көзі пайда болады. Күн электр станцияларын 2021 жылы Кентау, Отырар және Мақтаарал аудандарында іске қосу жоспарланып отыр. Нысандардың құрылысын Ресей, Италия компаниялары қаржыландырады. Жалпы, 12 жобаның іске қосылуы есебінен 1 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ.
Бұған дейін хабарланғандай, биылғы жылы 120 млрд теңгеге 20 жобаны іске асыру жоспарланған. 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Ақпаратқа сәйкес, облыста өңдеу өнеркәсібі саласына шетелдік инвестицияларды тартуға баса назар аударылған.
Еске сала кетейік, LS өңірде 1,3 трлн теңгеге 110 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптасқанын жазған болатын. 2021-2025 жылдары жаңа өндірістерді ашу есебінен 19 мың жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Тағы 5 мыңнан астам қазақстандық "Кәсіпкерлікті қолдау картасы" аясында 367 млрд теңгенің 18 жобасын іске асырғаннан кейін жұмысқа орналаса алады.
Мысалы, өңірде $100 млн астам тарта алатын туристік жобаны жүзеге асыруға ниетті, атап айтқанда, Қасқасу тау шаңғысы курортын бірнеше кезеңде салу. Жобаның бірінші кезеңінде бір жылда 45 мыңнан 110 мыңға дейін туристерді қабылдау мүмкіндігі бар екені айтылады. Сонымен қатар, бірінші кезең іске қосылғаннан кейін 400 адам жұмыспен қамтылады. Жоба 2024 жылға дейінгі өңірді дамытудың кешенді жоспарына енгізілген.
Сондай-ақ, 300 млрд теңгеден асатын қаржыға Қазақстан мен Өзбекстан арасында жүрдек темір жол құрылысы басталады. Түркістан – Ташкент теміржол магистралі қазақстандық туризмге 300 млрд теңгеден астам табыс әкелсе, осы жобаны іске асырғаннан кейін туристік ағын 1,5 млн адамға жетпек. 2027 жылы бұл көрсеткіш 2,9 мың адамға дейін, ал 2030 жылы 3,5 мың адамға дейін өседі деп күтілуде.